Қазақстандағы British Council (Британдық Кеңес) Қазақстан өңірлеріндегі мұражайларды, галереяларды, көрме кеңістіктерін және кураторларды WE ARE HERE («БІЗ ОСЫНДАМЫЗ») жобасының шеңберінде 2019 жылы мультимедиалық көрмелерді бірлесіп ұйымдастыру мақсатында ынтымақтасуға шақырады. 

Жаңа қоғамдастықтар қалыптасып, сонымен бір мезгілде басқалары дамыған сайын бізді қоршаған шекаралардың пішіні өзгереді, адамның топтарға тиесілігі мен сәйкестілігіне байланысты кезек күттірмейтін мәселелер біздің қоғамда өзекті сипат алады. Ұжымшылдықтың, мемлекеттілік пен интернационализмнің күші мен осалдығы туралы тарих бізге нені үйрете алады? «БІЗ ОСЫНДАМЫЗ» жобасы осы мәселенің түбіне үңілуге арналған. 

«БІЗ ОСЫНДАМЫЗ» жобасы британдық суретшілердің кино технологияларының көмегімен жасалған еңбектерінің бес жинақтамасын қамтиды. Ынтымақтастық шеңберінде British Council серіктес беретін үй-жайда «БІЗ ОСЫНДАМЫЗ» көрмелерін ұйымдастыруда көмек көрсетеді және ақпараттық жағынан қолдау жасайды. British Council сондай-ақ көрмелердің шеңберінде қосымша білім беру шараларын өткізу мүмкіндігін серіктестермен талқылауға дайын. 

Серіктестер алатын артықшылықтар:

  • Өзінде халықаралық мультимедиалық көрмені ұйымдастыру және сол арқылы өз қалаларындағы аудиторияны қазіргі заманғы британдық суретшілердің еңбектерімен таныстыру мүмкіндігі;
  • British Council ұйымының өнер саласындағы халықаралық сарапшыларымен ынтымақтасу;
  • British Council ұйымының қолдауымен бұқаралық ақпарат құралдарында жарыққа шығу және әлеуметтік желілерде хабардар ету арқылы жергілікті және ұлттық деңгейде танымалдығын арттыру.

«БІЗ ОСЫНДАМЫЗ» жобасының мақсаты – қазіргі заманғы суретшілердің ұлттық сәйкестілік, адамның түрлі топтардың қайсысына жататынының екіұштылығы және жақын қарым-қатынас сияқты тақырыптарды өмірбаяндық және деректі кино жанры, поэзия мен көркем қиял арқылы қалай зерттейтінін түсінуге тырысу. Британияның өнер жолын енді бастаған, сондай-ақ қалыптасып үлгерген суретшілері орныққан тұжырымдамаларды қайта қарастырады және осы тақырыптарды жаһандық деңгейде бірлесіп қайта қарастыруға шақырады.

Жобаға Тернер Сыйлығының 2018 жылғы жеңімпазы Шарлотт Проджер, Нур Афшан Мирза және Брэд Батлер (Artes Mundi 6 сыйлығының 2014 жылғы финалшылары), Рейчел Маклин (2017 жылы Венециядағы биенналеде Шотландиядан өкіл болды), сондай-ақ Лоуренс Лек және Энн Таллентайр өздерінің жаңа еңбектерімен қатысты.

Егер ынтымақтасуға мүдделі болсаңыз, еркін мәнерде жазылған өтінімді info@kz.britishcouncil.org электрондық мекенжайына жолдауды өтінеміз. Өтінімдер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қабылданады.  Өтінім беруге болатын соңғы күн: 2019 жылғы 15 мамыр. 

«БІЗ ОСЫНДАМЫЗ» жобасы туралы ақпарат

«Біз осындамыз» – суретшілердің компиляциялары мен инсталляцияларынан құралған бес кинобағдарламадан тұратын жоба, жетекшісі – Тендай Джон Мутамбу. Жоба British Council ұйымы және суретшілердің кинотехнологиялар пайдаланылатын жобаларына қолдау көрсету мен жәрдемдесуді жүзеге асыратын LUX арт-агенттігі үшін іске асырылуда.

«БІЗ ОСЫНДАМЫЗ» жинақтамалары:

ДҮНИЕНІҢ ЕСКІ ҚАЛПЫ / ДҮНИЕНІҢ ЖАҢА ҚАЛЫПТАРЫ

Қоғам мен ұйымдар адамның қай топқа жататыны мен сәйкестілігі туралы өзекті мәселелермен бет-бетпе келуде.

 

Тақырып аясы: еуропалық сәйкестілік, ұлттық сәйкестілік, нәсілдер мен мәдениеттер тарихы, интернационализм, жергіліктілік пен жаһандылықты салыстыру.

 

Суретшілер: Каллум Хилл, Розалинд Нашашиби, Люк Фаулер, Морган Куэйнтэнс, Айо Акингбаде, Джереми Деллер, Ониика Игу, Рейчел Маклин

SONGS FROM A FORGOTTEN PAST (ӨТКЕННІҢ ҰМЫТЫЛҒАН ӘНДЕРІ)

Бұл еңбектер соңына жеткізілмеген тарихи жобалардың қираған қалдықтарында болашақтың бейнесін жасауға жарайтын әлеует бар екенін біздің есімізге салады.

Тақырып аясы: маргиналдану және оның ұғымы, қоғамдастық, сторителлинг, ворлдбилдинг, тарихты сыни тұрғыда ой елегінен қайта өткізу

Суретшілер: Айо Акингбаде, Дункан Кэмпбелл, Сьюзан Хиллер, Джон Акомфрах, Люк Фаулер, Самсон Камбалу, Рехана Заман

RADICAL INTIMACIES (ЖАҚЫНДЫҚТЫҢ ШЕКТЕН ТЫС КӨРІНІСТЕРІ)

Ұрпақтардың ауысуынан туындайтын бостандықтарды негізге ала отырып, бұл бағдарлама адамдардың қоғамдық нормалардан тыс өмірін зерттейді, бұл орайда сәйкестіліктердің, жыныстық болмыс пен жыныстың сан алуандығы мәселесіне көңіл бөледі.

Тақырып аясы: одағайлық, феминизм, жыныс пен жыныстық болмыстың әдеттен тыс көрінісі, жыныс перформанс ретінде, жеңсіктік, жақын қарым-қатынас

Суретшілер: Беатрис Гибсон, Рехана Заман, Стивен Сатклифф, Кенни Маклеод, Стюарт Маршалл, Кэтрин Мейнелл, Шарлотт Проджер, Маргарет Салмон, Джиллиан Веаринг

FUTURE ECOLOGIES (БОЛАШАҚ ЭКОЛОГИЯ)

Құжаттану, (ғылыми) фантастика мен поэзия жанрларын пайдалана отырып, аталған еңбектер экология, қалалардың болашағы және тұрақты даму тақырыбында тереңнен ой толғауды көрсетеді.

Тақырып аясы: қоршаған орта, экология және ғарышнама, климаттың өзгеруі, Антропоцен, ел қоныстандыру және өндіруші өнеркәсіп салалары, қалалардың болашағы және тұрақты даму

Суретшілер: Уриель Орлоу, Луис Хендерсон, Шарлотт Проджер, Бен Риверс, Гарет Джонс, Лоуренс Лек, Бедвир Уильямс, Джейн және Луиза Уилсон, Элизабет Прайс

THE SPACE BETWEEN (АРАДАҒЫ КЕҢІСТІК)

Аталған еңбектер қазіргі заманғы өнердің сан алуан шығармашылық көзқарастарды фотосуреттер, мұрағат материалдары мен дыбыстық сүйемелдеу арқылы бере алатын қабілетін көрсетеді.

Тақырып аясы: кинематографиялық тәжірибе, материал ретіндегі кино, ескіру, құлдырау, естеліктер мен мұрағаттар, деректі проза/көркем әдебиет, көрініс/абстракция, уақыт пен қозғалыс.

Суретшілер: Урсула Майер, Нур Афшан Мирза және Брэд Батлер, The Otolith Group, Наим Мохайемен, Дункан Кэмпбелл, Дуглас Гордон, Харун Мирза, Энн Таллентайр, Thomson & Craighead