Құрылыс саласында оқыту жөніндегі кеңестің қызметкері Марк Пиггот жыл машықтанушысы ретінде таңдалған Джессика Лидің Murphy Group компаниясында қалай оқып-үйренгені туралы жазады.

Мерсисайд графтігі, Сент-Хеленс қалашығынан келген 23 жасар Джессика Ли Ұлыбританиядағы құрылыс саласында жұмыс істегісі келетін барлық жас әйелдерге: «Батыл талпыныңдар!» – дейді.

Джессика мектепте орындаушылық өнерді оқып-үйренген, ол жан-жақты болуды ұнатады, ол Murphy Group компаниясында инженердің көмекшісі болып жұмыс істегеннен рахат алады, сөйтіп ол дәстүр бойынша ерлердің саласы болып саналатын жұмыста табысқа жетті. 

Джессика білім дәрежесін алу үшін аптасына бір күн барып оқып жүрген Болтон университетінен телефон арқылы сөйлескенде, «Мен  әріптес ер адамдармен жақсы тіл табысамын», – деді. «Шын мәнісінде осы салаға жұмыс істеуге келетін әйелдер көп, және де бұл жұмыстың қыры сан алуан. Қазір мен оқумен қатар бүкіл елдегі жобалар бойынша жұмыс істеймін. Мен үшін жалғыз ғана түйінді мәселе – бос уақытым жоқ!»

Өндірістік машықтану – көптеген адамдар үшін ең жақсы жол

Джессиканың түйіндемесі қазірдің өзінде-ақ жақсы әсер қалдырады. Алайда ол осы салада жұмыс істегісі келетін басқа әйелдерге өндірістік машықтанудан өту мүмкіндігін ойластыруды ұсынады.

«Мен үшін өндірістік машықтанудың ең жақсы іс болғаны сөзсіз», – дейді Джессика. Толық жұмыс күніне ауысардан бұрын ол Виган мен Лейт колледжінде азаматтық құрылыс бойынша BTEC біліктілік дәрежесін алды.

Джессика өзінің сіңірген еңбегі үшін бірқатар марапатты алып та үлгерді, ал жуырда Құрылыс саласында оқып-үйрену жөніндегі Кеңес (CITB) оны Солтүстік-Батыстың жыл машықтанушысы ретінде таңдады. 

Жаңа мүмкіндіктер

Оның тәжірибесі құрылыс саласындағы әртараптандырудың жаңа адамдарды тартуға мүмкіндік беретінін көрсетеді. Дәстүрлі емес білімі бар адамдар үшін осы салада жұмысқа орналасу мүмкіндіктері кеңейеді, себебі:

  • алдағы бес жылда 150 000 жаңа жұмыс орны құрылады
  • бұрынғы жұмыскерлер зейнетке шығып жатады
  • көші-қон саясатындағы өзгерістер білікті жұмыскерлердің келуінің азаюына әкелуі мүмкін.

Сала жоғары технологиялы өндіріске айналып келеді және жаңарту сатысынан өтуде, ал бұл мансап құру үшін шектеусіз мүмкіндіктер береді.

Джессиканың машықтарына сұраныс көп, кейде ол түнгі ауысымда жұмыс істейді, әйтсе де ол өзінің жұмыс берушісінің инженерлерге құрылысқа барып-қайту үшін көлік беретінін баса көрсетеді. Биыл ол Рождество кезінде жұмыс істеуге келісті.

Джессика 2023 жылы диплом алып, толыққанды инженер болуды жоспарлауда – ал содан кейін оның алдынан шектеусіз мүмкіндіктер ашылады. «Мен диплом алғаннан кейін құбырөткізгіштер жөніндегі инженер болып, құрылысты басқарумен айналысқым келеді», – дейді ол. «Құрылыс ұзақ уақыт бойы ерлерге тән сала болып саналды, алайда қазір бәрі де өзгеруде».