Солтүстік Ирландияның өз өндірістік машықтану бағдарламасы бар. Оңтүстік-Шығыс Аймақтық Колледжі машықтанушылардың машықтары мен білімінің жұмыс берушілердің мұқтаждықтарына (соның ішінде жоғары деңгейдегі мұқтаждықтарына) сәйкес келуін табысты түрде қамтамасыз етті.

Оңтүстік-Шығыс Аймақтық Колледжі (SERC) – Солтүстік Ирландиядағы өндірістік машықтану бағдарламаларының жетекші провайдері. Колледждің Солтүстік Ирландияның оңтүстік-шығысында төрт негізгі кампусы және 950 маманы мен кәсіпқой қызметкері бар. 16–24 жастағы 800 машықтанушысы бар. Олардың көпшілігі – екінші және үшінші деңгейдегі өндірістік машықтанудан өтіп жүрген мектеп түлектері. Алайда колледж сондай-ақ одан жоғарырақ деңгейде өндірістік машықтануды да ұсынады, онда студенттер базалық білім дәрежесін ала алады.

Саланың талаптарына сай келетін біліктілік

Барлық SERC өндірістік машықтану бағдарламаларын Экономика департаменті (DfE) қаржыландырады, ол Солтүстік Ирландияның Аймақтық үкіметінің бір бөлігі болып табылады. Колледж түрлі салаларда 22 бағдарламаны ұсынады, олардың ішіндегі ең кең тарағаны: машина жасау, автокөлік құралдары, су өткізу ісі, электрлік техника, ағаш ұсталығы және тоңазытқыш техникасы. Осы дәстүрлі салалардың кең тарағанына қарамастан, SERC жуырда фармацевтика, дерек өңдеу, бала күту және бухгалтерия бойынша өндірістік машықтану бағдарламаларын енгізді. Өндірістік машықтану бағдарламалары күні бойы оқудың орнына баламалы оқу құралдарын береді. Машықтанушылар жұмыс беруші үшін жұмыс істеп әрі еңбекақы ала жүріп, сонымен бір мезгілде оқуын жалғастырады.

SERC машықтанушылары аптасына бір күнді колледжде, ал қалған күндерін жұмыс орнында өткізеді. Егер машықтанушы жақсы оқып-үйренсе, ол өндірістік машықтануды екі жыл ішінде бітіре алады. 

Машықтар конкурстарында табысқа жету

SERC машықтанушыларының машықтар конкурсына қатысуы құп алынады, бұл олардың өз дағдыларына деген сенімін нығайтуына мүмкіндік береді. Өткен жылы Бирменгемдегі WorldSkills Show конкурсында SERC машықтанушылары тоңазытқыш техникасы, кірпіш қалау, балташылық және ағаш ұсталығы бойынша үш алтын медаль мен бір күміс медальді жеңіп алды.

SERC машықтанушыларының біреуі Рейчел Карсон атақты аспаз Жан-Кристоф Новелли басқаратын мейрамханада жұмыс істейді. Оны 2018 жылы Қонақүй ісіндегі кәсіпқойлығы үшін марапаттар институты жыл машықтанушысы ретінде таңдады, сондай-ақ ол 2018 жылғы қарашада Венада өндірістік машықтану үшін Еуропа Одағының финалшысы болды. Жан-Кристоф Новелли былай деді: «Рейчел – керемет дарынды жас аспаз, ал оның жетістікке жылдам жетуі кәсіпке деген адалдығы мен сүйіспеншілігі, сондай-ақ колледже алып жүрген білімінің жоғары сапасы туралы айтады».

Жоғары деңгейдегі өндірістік машықтану бағдарламалары

Өндірістік машықтану бағдарламалары SERC курстарына бағалы қосымша болып шықты. SERC тоғыз салада жоғары деңгейдегі 200-ге жуық бағдарламаны ұсынады, оның ішінде бала күту, мехатроника, автомобиль бизнесін басқару және бухгалтерия бар. Жоғары деңгейдегі бағдарламалар жұмыс барысында дипломдар мен базалық білім дәрежесін алуға мүмкіндік береді. Базалық дәреже білім дәрежесін алу курсының бірінші жылына сәйкес келеді.

Солтүстік Ирландияда өндірістік машықтану ісі нағыз өркендеу сатысында. DfE жұмыс берушілермен және оқу орындарымен жұмыс істей отырып, қолданыстағы өндірістік машықтану бағдарламаларының мазмұнын қайта қарап, жаңа бағдарламаларды әзірлейді. Бұл жұмыс берушілер мұқтаж болып отырған білікті кадрлармен оларды қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде Солтүстік Ирландияның экономикасының өсуіне ықпалдасатын болады.

Сыртқы сілтемелер