Еуропалық білім беру қорының (European Training Foundation, ЕБҚ) озық тәжірибесінің тағы бір мысалы ретінде гендерлік белгісіне қарай зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдерді қорғауға бағытталған Армения жобасын ұсынамыз. Осы жобаның шеңберінде әйелдер жұмыс табу үшін немесе өз ісін ашу үшін қажетті білім, дағдылар мен қолдау алады.

Көптеген елдерде әйелдердің жұмысқа тұру үшін тап ерлер сияқты мүмкіндіктері әлі жоқ. Әйелдерге кәсіпкерлік өзінің бойындағы қабілеттерді ашып, қаржылық тәуелсіздікке ие болудың тәсілі бола алады, алайда, білімге, қаржыға, басқа адамдардың тәжірибесіне және басқа да қажетті ресурстарға қолжетімділігі жоқ болғандықтан, олар белгілі бір проблемалармен бетпе-бет келеді.

Еуропалық одақпен шекаралас елдердегі әйелдер кәсіпкерлігін зерттеу шеңберінде Еуропалық білім беру қоры әйелдер кәсіпкерлігін дамыту саласындағы озық тәжірибе мысалдарын зерттейді, сөйтіп кейіннен оларға кәсіптік білім беру мекемелерінің және мемлекеттік органдардың назарларын аударуды мақсат етеді. 

Осындай мысалдардың бірі Арменияда гендерлік теңдікті қолдау және гендерлік белгісіне қарай зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдер құқықтарын кеңейту жөніндегі жоба болып табылады. Бұл   зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдерді оқытуға арналған  инновациялық бағдарлама оларды өзінің шағын бизнесін ұйымдастыруға, жоспарлауға, қаржыландыруға және басқаруға үйретуді мақсат етеді.

Армениядағы көптеген әйелдердің жоғары білімі бар болғанына қарамастан, қоғамда ерлер мен әйелдер арасындағы рөлдердің дәстүрлі бөлінуі, балаларға арналған мекемелердің жеткіліксіз екендігі және еңбек етудің ыңғайлы, икемді жағдайлары жоқ болуы армян әйелдерінің экономикалық мүмкіндіктерін елеулі түрде шектейді. Сондай-ақ олар жиі-жиі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болады.  

Бағдарламаны қаржыландыруды Near East Foundation үкіметтік емес ұйымы жүзеге асырады. Гегаркуник облысының Сауда-өнеркәсіп палатасының делдалдығымен іске асырылатын бағдарлама жұмысқа тұру үшін жаңа мүмкіндіктер ашу арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің жағдайларын жақсартуға бағытталған. 

Бағдарламаға қатысушылардың бірі  Асмик Хачатрян болды. Бұрынғы күйеуінің ұзақ жылдар бойы ұрып-соғуына және психологиялық қысым жасауына төзе алмаған Асмик екі баласымен Ереванға кетіп қалған.

Оңалту процесі шеңберінде оны бағдарламаға қатысушы ретінде таңдап алып, ол Гавар өңірінің дәстүрлі рецептері бойынша пахлава пісіруге арналған өзінің шағын кондитерлік кәсібін ашу үшін керек білім алды.

Асмик бағдарламаның оған өзінің ісін ашуға арналған білімнен де көп нәрсе бергеніне сенімді. «Менің өзіме деген сенімділігім артты,  өз ісімді аша алдым, соның арқасында қаржылық тәуелсіздікке қол жеткіздім, - дейді ол. – Енді мен ісімді кеңейтуді армандаймын. Мен осы жерде өзім сияқты жұмыс іздеп жүрген басқа әйелдердің де жұмыс істеп жатқанын елестетемін. Мен бұл жердің кең болғанын және келушілердің көп болғанын қалаймын!»

Асмик сияқты 160-тан астам әйел бағдарламаға қатысуға шешім қабылдады және олардың 130-ы бизнес-жоспарларын жасап та қойды. Тағы 50 әйел өздерінің бизнес идеяларын іске асыру үшін қаржыландыруға қол жеткізді.

Сыртқы сілтемелер