Біздің өткен айдағы шығарылымнан шабыт алғанбіздің оқырмандарымыздың бірі инклюзивтік білім беру туралы өзінің табыс сырымен бөлісті.

Балқия Пішенова, Астанадағы Менеджмент және бизнес колледжінің директоры өз колледждерінде есту қабілеті бұзылған оқушыларды қалай оқыта бастағанын жазды. 

Осыдан бес жыл бұрын Астанадағы Менеджмент және бизнес колледжіне есту қабілеті бұзылған бірнеше баланың ата-аналары өтінішпен келді. Арнайы мектепті бітіргеннен кейін олар әрі қарай білім алмаған, сондықтан жұмысқа тұру да қиынға соққан. Астанадағы бір де бір оқу орнында білім беру саласында қосымша қажеттіліктері бар студенттерге білім беруді ұйымдастыру үшін қажетті тәжірибесі де, мүмкіндіктері де болмаған. Ол кезде Менеджмент және бизнес колледжінде де мұндай практикасы жоқ еді. 

Алайда, оқытушылардың басты мақсаттарының бірі студенттердің әлеуметтік тұрғыдан да, жұмысқа тұру тұрғысынан да қоғамға кірігуіне көмектесу болатын. Колледж қызметкерлері өздерінің алдына білім беру саласында қосымша қажеттіліктері бар студенттерге білім беруді ұйымдастыру міндетін қойды. Өйткені олар әлеуметтік оқшаулауға және жұмыссыздыққа бірінші тап болатындар еді.

Колледж бұл студенттерді қабылдап, оларға сабақ берудің сәйкес келетін стратегиясын жасай бастады.

Инклюзивтік білім беру барлық балаларға бірдей қарым-қатынас жасалуы керек деген идеяға негізделген, сондықтан да білім беру саласында қосымша қажеттіліктері бар студенттерді қатарға қосу үшін арнайы шаралар қабылдануы керек. 

Осы шешімнің негізінде колледж өз қызметкерлерін кеңейтіп, сурдоаудармашыны қызметке алды. Содан соң "дизайн" мамандығына есту қабілеті бұзылған он студент оқуға түсті. Басқа бес студент шаштараз ісін меңгеруді жөн көрді.

Колледж  білім беру саласында қосымша қажеттіліктері бар студенттер командаға қосылуы және студенттік өмірге белсене араласуы үшін бірінші күннен бастап барлық жағдайды қамтамасыз етеді.  Бірлескен оқыту мүмкіндіктері шектеулі оқушылармен қоса олардың курстастары үшін де маңызды. Олар мейірімділік пен мақсаткерліктің маңыздылығын біледі; Өздерінің жасындағы басқа адамдар үшін өзгеше болып табылатын жауапкершілікті өз мойындарына алуды үйренеді. 

"Дизайн" мамандығының төртінші курс студенті Гүлжан Ерғали былай деді: "Біз колледжде көп ақпарат аламыз және басқа студенттермен танысамыз. Біздің кураторымыз - біздің досымыз; біз онымен сырласып, өз құпияларымызды айтамыз. Осы жерге келгенде өзіміздің есейгенімізді сезіндік".

Колледже ерекше қажеттіліктері бар студенттермен жұмыс істеу үшін психологтарды жұмысқа алды. Олардың міндетіне студенттерді дамыту және олармен түзету жұмысьарын жүргізу кіреді. Сондай-ақ білім беру саласында ортақ тәсілдерді жасау үшін оқытушылармен және ата-аналармен ұдайы ынтымақтастықта болу керек. Оқытушылардан толеранттылықтың биік деңгейі және инклюзивтілік дегеннің не екенін түсіну күтіледі және сол талап етіледі. Топтардың жетекшілерінің түзетушілік оқыту және білім беру психологиясы саласында жан-жақты да терең білімдері болулары керек, сондай-ақ, тіл табысып жұмыс істеу үшін  тамаша коммуникабельділік қасиетке ие болғаны дұрыс.

Есту қабілеті бұзылған студенттермен жұмыс істейтін оқытушылар өзіндік талдау және кәсіптік даму процесіне барынша мұқият қарайды. Сурдо аудармашы қашанда көмекке келетініне қарамастан, оқытушылар өздері пайдаланатын тілдегі шалалықты болдырмауға тырысады. Бәрі де түсінікті болуы үшін көзбен түйісудің маңызы аса зор.

 Астанадағы Менеджмент және бизнес колледжінде инклюзивтік білім беруге тартылған студенттерге арналған арнайы бағдарламалар жоқ. Екінші немесе үшінші курсқа келгенде есту қабілеті бұзылған студенттерді басқа студенттерден айыру мүмкін емес. Инклюзивтілік дегеніміз мүмкіндіктері шектеулі жас адамдар басқа студенттермен бірге оқып, тап солардай білім ала алады дегенді білдіреді. Олар барлық курстарға қатысып, мемлекеттік бағдарламада көзделген барлық тапсырмаларды орындайды. Олар үзіліс кезінде топтас достарымен араласып, асханада бірге тамақтанады, спорт секцияларына барып, би топтарына бірге қатысады. Колледжде есту қабілеті бұзылған студенттер өздерін қысылып-қымтырылмай ұстайтындай және қажет кезінде көмек сұрай алатындай мәдениет қалыптасқан. Олардың кәсіби және жеке жетістіктері  өздеріне деген сенімдерін арттыра түседі: дизайн бөліміндегі студенттердің үздік жұмыстары Тәуелсіздік сарайы мен Оқушылар сарайының көркемсурет галереясына қойылған. Ал шаштараз ісі бөлімінің студенттерін қайырымдылық іс-шарасы жиі болып тұратын қарттар үйінде асыға күтіп, қуана қарсы алады. Есту қабілеті бұзылған Айжан Әбдіназым "Студенттер аруы" атты байқауда "Күн сәулелі бойжеткен" деген аталым бойынша жеңіске жетті. 

Есту қабілеті бұзылған студенттердің алғашқы легі қазір жұмыс тауып алған. Одан басқа, олар кәсіптік тұрғыдан өздерін жетілдіріп, әлеуметтік тұрғыдан қоғамға кірігіп кетті. Ата-аналар колледж қызметкерлеріне алғыстарын айтуда, ал колледж қызметкерлері өздері де көп нәрсені үйренді.

Егер де сіз осы мақалаға пікір жазғыңыз келсе, мына VEE@britishcouncil.org мекенжай бойынша хат жолдаңыз және талқылауға қатысыңыз. Егер өзіңіздің мақалаңызды жібергіңіз келсе, оны қалай істеу керек екендігін осы жерден біле аласыз.