Осы айдың сарапшысы - Афшан Бакш,   EvolveGlobalSolutions-тің білім беру бойынша маманы, оқытушылар біліктілігін арттыру бойынша сіздердің сұрақтарыңызға жауап береді.  

Технологияның үздіксіз даму жағдайында, бос уақыты жоқ оқытушыларға біліктілігін арттыруға  және өз саласындағы білімін тереңдетуге  уақытты қалай табуға болады?

Кәсіптік білім беру саласында оқу барысының өзектілігін қамтамасыз ету өте маңызды. Білім беру саласындағы жұмысымды бастаған кездегі жеке тәжірибемнен мысал келтірейін. Құрылыс курсының оқытушылары мені өздерінің құрылысшылар мамандығы колледжіне шақырды. Студенттер баспалдақ үшін ағаш тепкішек жасауды үйреніп жатқан. Шақырылған мамандардың бірі студенттерге тепкішектерді жасауды үйретудің қажеті жоқ, өйткені  баспалдақтар құрылыс алаңына дайын күйінде келеді, одан да оны жөндеудің жолдарын үйреткен жөн деп ескертті. Нәтижесінде курс оқытушылары  мамандарды оқу жоспарымен таныстырып, қажет өзгерістерді енгізуді ұсынды. Мен қаржыландырудың жетіспеушілігінен қазіргі заманға сай жабдығы жоқ колледждерде болдым, алайда қажет ресурстардың қолда бар кезінде де өз салаңдағы өзгерістермен бірге заман ағымына сәйкес жүріп отыру өте қиын. Қалай болған күнде де соңғы жетістіктер мен инновациялар жөнінде біліп, құлағдар болған жөн.        

Осыған қол жеткізудің бір тәсілі - оқу бағдарламасына өндірістік нысандарды аралауды ендіріп, жобалар ұйымдастыру болып табылады. Бұл курсты өзекті етіп, сектордағы соңғы үлгідегі инновацияларды ескеруге көмегін тигізеді. 

Кейбір ұсынымдар:

  • Студенттер үшін өндірістік ұйым-серіктестерге сапарлар ұйымдастырыңыз. Бұл сізге және студенттеріңізге жаңа технологиялар және әдістермен танысып, курстың маңыздылығын көтеруге көмектеседі.   
  • Егер мүмкіндік болмаса, мынадай кездесулер ұйымдастыру:
  1. серіктес-ұйымның өкілдерін колледжге шақырыңыз. Олар мүмкін өндірістің кейбір әдістерін көрсетіп немесе студенттерге таныстыру үшін жабдық ала келуі мүмкін;
  2. белгілі бір сала өн дірісінде қолданылатын технологиялар мен  өндіру әдістері туралы бейнежазбаны тауып алыңыз. Егер қолдан келмей жатса, серіктес ұйым немесе салалық қауымдастықпен байланысқа шығыңыз: оларда мұндай бейне болуы әбден мүмкін, болмаса оны түсіріп алуға рұқсат береді.
  • Блогтарды оқып, кәсіптік желіге кіріңіз. Мұндай ресурстағы ақпаратты жай қарап-ақ, сіз өз салаңыздағы ең соңғы  инновациялар, жаңалықтар, мәселелер және өзгерістер туралы хабардар боласыз.
  • Жетекші өндіріс орындары және оның өкілдерінің  Twitter, Facebook, LinkedIn және басқа да әлеуметтік желідегі парақшаларын бақылап отырыңыз. Осылайша сіз тез арада өз салаңызда болып жатқан жаңалықтардан толық хабардар боласыз.
  • Студенттерге салаңыз бойынша соңғы өзерістерді сараптауға байланысты тапсырма беріңіз немесе осындай өзгерістері ескерілген жоба жасауды тапсырыңыз. Жасалған жұмыс қорытындыларын сізге және курстастарына таныстыруды сұраңыз.

Кез-келген салада болып жатқан жаңалықтар жөнінде хабардар болған жөн, ал технологияға қатысты білу тіптен маңызды: жаңа тенденциялар,  озық тәжірибелер, құралдар және т.б. Бұл студенттерге қажет білімді беріп қана қоймай, жұмысымызға деген қызығушылық пен шабытымызды оятуға да көмектеседі.  

Заман ағымына сәйкес жүрудің көптеген тәсілдері бар. Егер сіз осы мақаланы оқып отырсаңыз және өз біліміңізге сәйкес жаңалықтар туралы ақпаратты қалай алатыныңыз жөнінде айтып бергіңіз келсе, бізге vee@britishcouncil.org.  адресіне жазсаңыз болады. Сіз өз салаңыздағы  өзгерістер мен жаңалықтар туралы белсенді зерттеулер жүргізесіз бе, жаңа кітап сатып аласыз ба, әлде жоғарыда келтірілген тәсілдердің бірін қолданасыз ба?   

Оқытушыларды біліктілігін арттыруға қалайша ынталандыруға болады? Өйткені олар тиімді болмай қалуы мүмкін жаңа әдістемелерді қолданып көруге құлық білдіре бермейді. 

Бастысы - ынталандыру мен қолдау.

Ең алдымен мынаны ойланып көрейікші: оқытушылардың біліктілігін арттырудың ең тиімді әдісі оқудың дәстүрлі тәсілдерінен бас тартып, жеке жұмыс істеу амалын табу. Оқытушылар бұдан кейін  де оқу курстарынан өте береді, бірақ көбіне бұл зеріктіретін болғасын, ұстаздар оған уақытын кетіргісі келмейді. Егер бұл жағдайға басқа тұрғыдан қарап, оқыту тәсілін барынша дербес тәсілмен ұйымдастырса қалай болар екен? Нәтижесінде сіздің мамандарыңыз жұмысқа қажет дәстүрлі білім және дағдымен қоса, қызықты және шабыттандыратын мүмкіндіктер мен басымдылықтарға ие болады.  

Біз барлығымыз  жайлы мекенімізде қалғанымызды қалаймыз. Одан шықсаң сәтсіздікке ұшырап немесе күлкіге қалып қоюың мүмкін деген қорқыныш болады. Алайда, егер мен өзімді қауіпсіз сезініп, қолдауды  байқасам, мен жаңа әдістер мен тәжірибелерді байқап көруге келісемін. Мен сондай-ақ көмек сұрап, өзіме түсініксіз дүниелер туралы айтып беруін өтінер едім. Қолдаушылық ортаның қалыптасуы оқытушылар құрамының кәсіби тұрғыдан дамуында үлкен мағынаға ие. Оқу процесін алайықшы: біз студенттер үшін барынша мейірімді және жылы атмосфера құруға тырысамыз. Студенттер жаңа нәрсені білсін деп тырысамыз, оларды қолдап және бағыттап отырамыз.  Егер тура осындай жағдайды оқытушылар мен менеджерлер үшін де жасайтын болсақ, бұл оларға үлкен пайда әкеледі. Студенттерге көмектесетін әдістемелерді оқытушылар құрамы үшін бейімдеп пайдалануға болады. 

Бұл жерде мен өзім қатысқан бір жоба туралы айтып бергім келеді. Әдіс "тәжірибені қолдау" деп аталады. Оны оқыту әдістемелері бойынша британдық жетекші маман Джеф Петти ойлап тапқан. Оқытушыларға шағын оқу топтарын құру ұсынылады. Мұндай топтар үнемі кездесіп, жетілдіруді қажет ететін бір жұмыс түрін таңдап алады. Менің тәжірибемнен айтарым, топ құрған кезде жұмыстың бір түрі бойынша жұмыс істеуді таңдағандарды  бір топқа  жинаған дұрыс. Мысалы, маған оқытушылық әдістемелердің  кең көлемдегі түрлерін қолданған ұнаса, менің шағын тобымда жұмыс істейтіндер үшін де бұл тақырып қызық болғаны абзал.  Немесе топ өзінің әр мүшесіне белгілі бір жоспарды құруға немесе зерттеуді жүргізуге көмектеседі. Топтың әр қатысушысы өз "зерттеуін" жүргізіп, оның нәтижелерін түртіп алып отырады. Топтың келесі кездесуінде ол алынған нәтижелер мен өзінің шығарған қорытындылары туралы айтып береді. Топтың жұмысы - достық сынды ұсыну. Егер зерттеу ойдағыдай шықпаса, топ оны бірлесе бітіруге көмектеседі де, одан кейін екінші немесе үшінші де зерттеулер жүргізуге  болады. Егер үшінші зерттеу де теріс нәтиже берсе, онда оны қойып басқасын бастау керек болады.

Зерттеулерді қолдау әдістемесін оқытушылық қана емес басқа да бірқатар сценарийлерде қолдануға болады. 

Бұл әдістеме жайында толығырақ бойынша.

Коучинг пен тәлімгерлік оқытушылар біліктілігін арттырудың тиімді әдістері болып табылады. Оларды қалайша сәтті енгізуге болады?

Мен коучинг пен тәлімгерлік мәдениетін дамыту – баға жетпес тәжірибе дер едім. Біздің ортамызда біздің шешім қабылдауымызға немесе проблемамызды шешуге көмектесетін әріптестер қашанда бар. Тап осы жағдайда көмек сұраған адамның (қамқордағы адам) өз проблемасын түсінуі, ал көмегін ұсынатын адамның (тәлімгер) ол проблеманы қамқорлығындағы адам үшін шешуге кіріспегені өте маңызды. Сондықтан да бірінші кезеңде мен коучинг пен тәлімгерлік дегеніміз не, ол қалай жұмыс істейді және қандай артықшылықтары бар екендігін оқыту немесе түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынған болар едім. 

Біздің оқытушыларымыз курс шеңберінде белгілі бір нысанда тәлімгерлік алатын болады және болашақта да мұндай қолдауды қуана қабылдайтын болады. Олар ол кезде тәлімгерліктің артықшылықтарын түсінетін болады және оның пайдасы туралы айтып бере алатын, оқу ғимараттарында, үй-жайларында постерлерге жазуға немесе жарнамалық хабарламаларға немесе әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға қосуға болатын қандай да бір шабыт беретін мысалдар мен қанатты сөздерді айтатын  болады.  

Неғұрлым тәжірибелі оқытушылар тәлімгерлікті қажетсінбеуі мүмкін. Ондай топтар былай жасай алады:

  • ұқсас жұмыс өтілі бар оқытушылардан тұратын тәлімгерлік топтар құра алады;   
  • тәлімгерлер таңдалып алынатын негізгі топ бола алады.  Тиімді жұмыс жүргізген кезде және қажетті дағдылары болған жағдайда коучинг пен тәлімгер бұл процестен өздерінің қамқорындағылардан кем пайда көрмейді, жеке басының жаңалықтарын ашады.  Дағдылар мен оқытулар, міне, тап сол үшін аса маңызды.      

Немесе тәлімгерлерді белгілі бір бағыттар бойынша тартуға болады: мысалы, студенттерді оқыту процесінде және жеке өзі оқыған кезде  технологияларды белсендірек пайдаланғысы келетін оқытушыларға арналған тәлімгерлер. Немесе, әркімге жеке жол таба алатын тәлімгерлерден және т.б.  топ құруға болады.

Бұл процесті сол күйінде ұстап тұру үшін жыл бойы жетістіктерді белгілеп отырыңыздар және жүйелі түрде тәлімгерлер мен қамқордағыларға арналған тренингтер өткізіп тұрыңыздар. Егер де бұл ұстаным тұтастай алғанда ұйым деңгейінде іске асырылатын болса, ол ұйымдық мәдениеттің бір бөлшегі бола алады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын мен кәсіби диалог әдісін оқытып-үйрету сабағын өткізіп жүрдім. Бұл әдіс әріптестерге өздерінің кәсіби жетістіктері мен өсуіне талдау жасауға көмектеседі. Бұл әдістеме жайында толығырақ бойынша.

Әдістің қарапайымдылығы мынада: неғұрлым құрылымданған дискуссия (кәсіптік диалог) жасап үйренген соң біз бір-біріміз үшін тәлімгерге айналып, кәсіптік дамуда, құзыреттерді кеңейтуде және түрлі проблемаларға шешімдер іздестірген кезде бір-бірімізге көмектесетін боламыз. Мен кәсіби диалог әдісін тек әріптестермен (оқытушылармен, жаттықтырушылармен, менеджерлермен, басшылармен) жұмыс істеген кезде ғана пайдаланған жоқпын, мен студенттермен жұмыс істеген кезде де соны қолдандым. Байқап көріңіздер!

Сабақтарды студенттер үшін қалай қызықты етіп өткізуге болады?

Сабақтарда қарқын мен қызығушылықты ұстап тұрудың ең үздік тәсілі – түрлі амалдар мен қызмет түрлерін пайдалану. Бұл жерде тым қатты тырысып кетпеудің маңызы зор, өйткені сіздің міндетіңіз – студенттердің оқығаны. Қызмет түрлерін тым жиі ауыстыру студенттерді шатастыруы мүмкін. 

Қызмет түрлерін  ауыстыру процесінде топты қадағалаңыз және олардың ішіндегі ең тиімдісін, яғни, студенттер процеске, қандай да бір міндетті шешуге тартылған және оқыту мақсаттарына қол жеткізгенін белгілеңіз. Немесе студенттерден сабақ үстінде нені істеген көбірек ұнайтынын және неге ұнайтынын сұраңыз. Дәрісті, топтық жұмысты, таныстырылымдарды, сабақ үстіндегі жұмысты, дискуссияларды, практикалық сабақтарды және т.б. ұштастыруға ұмтылып көріңіз.

Сондай-ақ, студенттердің қандай да бір ақпаратты өз беттерінше іздеп көрулеріне болады. Бұл студенттерге зерттеушілік  және өз бетімен оқу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді, ал сізге – олардың алған білімдерін қаншалықты қолдана алғанын тексеруге мүмкіндік береді.

Түрлі амалдарды (ол қауіпсіз болған жағдайда) байқап көруден қорықпаңыз. Бұл ретте жүйелі түрде студенттердің материалды игергеніне көз жеткізіп отырыңыз – сұрақтар қойыңыз, тесттер өткізіңіз, практикалық тапсырмалар беріңіз, болып жатқан жағдайды байқап отырыңыз.

Студенттердің оқу процесіне қызығушылық танытпауының басқа бір себебі жеткілікті дәрежеде күрделі міндеттердің жоқтығынан немесе басқалардан қалып қоюы болуы мүмкін. Неғұрлым күрделі де, сондай-ақ неғұрлым жеңіл де тапсырмалар беріңіз. Студенттермен таныса түскен сайын бұлай ету жеңілдей түседі. Көп ретте топта түрлі деңгейдегі студенттер болуы мүмкін сондықтан да жеке амал керек. Сондай-ақ, егер де студенттерге өздері үшін өзекті емес бірдеңені жасау керек болса, олардың іштері пысуы мүмкін.  Студенттерге пәніңіздің практикалық жағы түсінікті болуы үшін немесе олар оқытудың міндеттерін және оның саламен, сектормен немесе бағытпен байланысын түсінуіне күш салыңыз.

Кез келген тақырып бойынша сұрақтарды сарапшыларға VEE@britishcouncil.org мекенжайы бойынша немесе осы бетте жолдаңыз.

Evolve Global Solutions білім беру маманы Афшан Бакш туралы

Афшан Ұлыбританияның және басқа да елдердің техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) саласындағы басшы қызметтерде 20 жылдан астам уақыт қызмет істеген.  Мамандандыру салалары – коучинг, сапаны арттыру, инспекциялау, өзгерістерді басқару, оқыту және үйрету, басшылық жасау, студенттеге қолдау көрсету, халықты және жұмыс берушілерді тарту, бизнесті, кәсіпорынды дамыту және кәсіпкерлік.

2015 жылғы қыркүйекте Афшан Evolve Global Solutions Ltd құрды. Қазіргі кезде British Council, британиялық және халықаралық колледждер, ұлттық және мемлекеттік басқару органдары сияқты ұйымдарға мамандандырылған техникалық көмек көрсету бойынша бірқатар жобаларға басшылық жасайды.

Сондай-ақ сертификатталған коуч болып табылады және білім беру секторындағы менеджерлер мен оқытушыларға күрделі ахуалдарды шешуге, өзгерістерді енгізуге, сондай-ақ өздерінің дағдыларын дамытуға немесе оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға көмек көрсетеді.

Ұлыбританияда, Италияда, Ирландияда, Испанияда, Нидерландта, Үндістанда, Оңтүстік Африкада, Тунисте, Танзанияда, Иорданда, Оманда, Таиландта, Вьетнамда, Индонезияда, Қазақстанда, Непалда, Шри-Ланка мен Мароккода бірқатар сәтті білім беру жобаларын іске асырды..

Evolve Global Solutions және Афшан Бакш туралы толығырақ мына сайттан оқыңыздар: www.evolve-global.uk.

Афшанмен мына мекенжай бойынша байланысуға болады: info@evolve-global.uk.