"Vocational Education Exchange" журналының осы айдағы санында біз бүкіл әлемдегі кәсіптік білім беру саласындағы қызықты тәжірибені жазып-көрсетеміз.

Қазақстанда Қостанай құрылыс колледжі  жаңа көп тілді бағдарламаның әзірленуі мен іске асырылуын атап өтті. Бағдарлама студенттердің кәсіптік дайындық алу процесінде оларды техникалық тіл дағдыларымен жарақтандыру, олардың еңбек нарығы жаһанданған кездегі түлектер ретінде бәсекеге қабілеттілігін арттыру  мақсатында әзірленген. Қостанай құрылыс колледжі директорының орынбасары Ғалия Сұлтанова өзінің тәжірибесімен бөліседі.

Үкіметтің таяу арада жүргізген зерттеулері бойынша қазақстандық компаниялардың 70%-ы білімнің төмен деңгейі бизнестің дамуына кедергі деп санайды. Бизнестің дамуына әсер ететін себептердің ішінде ағылшын техникалық тілін қоса алғанда, шет тілдерді білмеу ерекше байқалады.

Қазақстандағы көп тілді білім беру жүйесі мектептерде және жоғары оқу орындарында 2008 жылы енгізілді, ал кәсіптік білім беру (ТжКБ) саласына бұл жүйе енді ғана енгізіліп жатыр. Алға қойылған міндеттерді орындау үшін  Қостанай құрылыс колледжі студенттерді үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілінде оқыту жоспарын әзірледі. Ол оқу бағдарламасының бөлігі болып табылады. Өз түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында колледж студенттерді техникалық және кәсіптік бағдарланған тілге оқытуға ерекше назар аударатын болады.

Бағдарламаны әзірлеу

Колледж қызметкерлері екі жыл бойы көп тілді оқытудың теориялық негіздерін зерделеп, қолда бар ресурстарды бағалады. Ең үлкен кедергі ағылшын тілін білетін салалық оқытушылардың жоқтығы болып шықты. Бұл проблеманы шешу мақсатында көп тілді оқыту  бағдарламасы әзірленіп, мақұлданды. Ол білім беру процесіне пәнаралық ұстанымды талап ететін еді.

Бағдарламаны жүзеге асыру

Колледж бұл бағдарлама бойынша 2015 жылғы 15 қыркүйектен бастап эксперименттік негізде жұмыс істей бастады. Бірінші жыл ішінде колледж оқушылардың шет тілдерін білуге ынтасын арттыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізді. Оқу жылының басынан бастап  эксперименттік  топта қазақ тілін жетік білетін басқа ұлттардың белгілі адамдарымен, тіл үйрету орталықтарының  өкілдерімен кездесулер өткізілді. Сондай-ақ колледж студенттер арасында тіл білуге байланысты түрлі конкурстар мен олимпиадалар ұйымдастырды. 

 Оқу жылы колледжде студенттердің өздерін тілдік ортаға батқанын сезінетіндей екі үлкен оқиғамен аяқталды.   Колледждің барлық оқушылары сабақта және үзіліс кезінде ағылшын тілінде сөйлейтін болды.  Эксперименттік   топтардағы студенттер ағылшын кластарында фонетикалық жаттығулар өткізіп, «Қазынаны іздеу» атты ойын өткізетін болды.  Колледж сондай-ақ жергілікті тіл орталықтарының қызметкерлерін және Калифорниядан, АҚШ-тан ағылшын тілі пәнінің оқытушыларын шақыра отырып, дөңгелек үстелдер ұйымдастырды. Оларда «Шет тілдерін оқудың маңыздылығы неде және оны не үшін білу керек?» деген сұрақтар талқыланды.

Колледжде ағылшын тілін үйренушілер үйірмесі жұмыс істейді, қазақ және ағылшын тілдерін тереңдете оқу бойынша факультативтік сабақтар өткізіледі. Колледждің әлеуметтік желісінде көп тілді оқу бойынша топтарға арналған парақша ашылған.

Бағдарламаны бағалау

Бағдарламаның табыстылығын бағалау үшін оқу жылындағы қызметке мониторинг жасалды. Мына параметрлер бағаланды:

• студенттердің эксперименттің өткізілуіне қызығушылығы, студенттердің жеке қабілеттерінің дамуына ата-аналардың қанағаттану деңгейі, оқытушылардың эксперименттік жобаны іске асыру үшін жасалған жағдайға қанағаттану деңгейі;  

• студенттердің тілдерді білу деңгейі;      

• оқытудың және оқу материалдарының сапасы.

Жүргізілген мониторингтік іс-шаралар негізінде талдау жасалып, онда күшті және әлсіз жақтар, жобаның ықтимал мүмкіндіктері мен тәуекелдері айқындалды. Талдау нәтижесінің негізінде колледж бағдарламаны кеңейту туралы шешім қабылдады. Үстіміздегі оқу жылында колледж студенттерінің бірнеше тілде оқуына экономика, ақпараттық  технологиялар және тарих пәндерін ұсынады.

Көп тілді оқыту бойынша бұл эксперимент Қазақстан Республикасының Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Өйткені онда үш түйінді құзыретті: үш тілді білу, еуразиялық мульти мәдениет,  коммуникативтік-техникалық дағдыларды қалыптастыру көзделген.

Қазақстан Республикасының Президенті Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасында, Қазақстан Республикасының Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында және «Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобасында белгілеген міндеттерге сәйкес, 2020 жылы Қазақстан азаматтарының барлығы қазақ тілін,  95% орыс және 25% ағылшын тілін білуге тиіс. Колледж қызметкерлері кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі бұл бағдарламалардың адамдардың және қоғамның мүддесі үшін іске асырылуында түйінді рөл атқарады деп үміттенеді.