Ерекше қажеттіліктері бар студенттерді қонақүй қызметін көрсетуге оқыту

Фирмалық күлгін түсті декордан бастап қонақтарға арналған сүлгіні бір-ақ рет пайдаланбау туралы ескертпе табличкаға  дейін - Derwen College-дегі  мінсіз бөлмені Ұлыбританиядағы Premier Inn-нің мыңдаған қонақүйлерінің бірінің нөмері деп қалуға болады. Шын мәнінде бұл бөлме – өмірдегі нақты нөмердің дәлме-дәл көшірмесі. Оны жинау және бөлмені дайындау жұмысымен білім алуда ерекше қажеттіліктері бар студенттер айналысады.

Бөлме қонақтарға арналмаған: оның мақсаты – студенттерді осы ауданда орналасқан алты қонақ үйдің бірінде нақты жұмыс істеуге даярлау. Мамандандырылған, сонда тұруға болатын колледж Шропшир графтігінің Озуэстри қаласында орналасқан және жыл сайын бүкіл Ұлыбритания бойынша оқуы қиын 273 студентті қабылдайды. Колледж өкілдерінің шәкірттері оқуды аяқтағаннан кейін және туған қаласына оралғаннан кейін студенттер бұлармен ынтымақтастықтағы ұлттық желілердің біреуінен жұмыс таба алады ма деген ойлары бар.  

Вустердегі жиырма төрт жасар Клэр Бранттың тарихын колледж бен Premier Inn арасындағы ынтымақтастықтың бірінші сәтті тәжірибесі деп айтуға болады. Клэр номерді тапсырмада берілген жоғары стандарттарға сәйкес тәртіпке келтіре алатындығымен кампуста аты шыққан. Ол Даун синдромына ұшыраған. Соңғы екі жылда ол жақын арада орналасқан Premier Inn қонақүйінде студенттерге аптасына бір рет сабақтар өткізіп келеді.

Вустерге оралғаннан кейін Клэр ата-анасынан бөлініп, жеке пәтерге шықпақшы. Қазір ол жергілікті Premier Inn қонақүйінде жазғы тағылымдамадан өтуде және ол аяқталған кезде осы жерде жұмысқа орналасуға үміті бар. Клэрдің ата-анасы оның дербестік қасиеттеріне таңырқаумен келеді. Олар үшін қыздарының бой жеткен кезде тәуелсіз, дербес болуына көмектесудің маңызы зор еді. Клэр  жергілікті биліктің қаржылай қолдауымен  Derwen College-ге 19 жасында оқуға түседі және үш жыл өткен соң оқудың бастапқы бағдарламасын аяқтайды. Ол колледжде кәсіптік дағдыларды дамытуға бағытталған бағдарлама бойынша тағы да екі жылға қалу туралы шешім қабылдады. 

Одан төсекті қалай тамаша жинайтынын сұрағанда, Клэр мәз болып күледі. «Бәрін де өзім істеймін. Еңбектенуге тура келеді», - дейді ол. – Маған (бастапқы жердегі) алғашқы жұмыс күні өте ұнады, мен ештеңеге күйіп-піскен жоқпын». Клэр осы компанияда жұмыс істеудің өзіне ұнайтынын, одан әрі де осында қалғысы келетінін айтты. 

Күрделі жайлар да бар, әрине. Қонақ үйдегі бөлмелерді нақты стандартқа сәйкес – бар болғаны 27 минутта жинап шығу керек. Premier Inn қызметкерлері өздерінің стандарттарын тьюторларға және колледждің бөлме қызметшісіне (горничная) үйретті, өз кезегінде,  кейіннен бұл дағдыларды олар студенттерге үйретті. Қазіргі кезде желінің алты қонақүйінде 11 студент жұмыс істеп жүр, және бұлар бөлме қызметшілері ғана емес, тіркеу қызметінің және қонақ үй жанындағы мейрамханалардың да қызметкерлері. Тьюторлар студенттердің жетістіктерін қадағалап отыру үшін қонақ үйлердің өкілдерімен тығыз байланыс ұстайды.

Derwen College-нің жұмысқа тұрғызу бойынша менеджері Саймон Бёрч былай дейді: «Біз студенттердің бойында өз бетімен жұмыс істеу қасиетін дамытуға, сөйтіп, оның нақты нәтижесі ретінде олардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыруға тырысамыз. Нәтижесінде – тамаша жетістік: ақы төленетін жұмысқа тұру, бұл біз ұмтылатын мақсат, бірақ кейбір студенттеріміз үшін озық нәтиже – (қайырымдылық ұйымдарындағы) еріктілік жұмыс болуы мүмкін.   

Бірақ колледждің мақсаттары соншалық биік пе? Бёрч студенттердің барлығы бірдей қонақ үйлерде  немесе супермаркеттерде жұмыс істегісі келмейтінін, сондықтан да олар бал арасын өсіруден бастап кино өндірісі маманына дейін оқи алады дейді. Бұл ретте өнер мен медиа саласында жұмыс табуға ынталылар жеткілікті, бірақ Бёрч пен оның әріптестері студенттердің бұл салаларда да жұмысқа тұруына көмектесуге тырысады.

Серіктестік бағдарламаларының артықшылықтарын студенттер ғана мойындамайды. Честер мен Рексемдегі Premier Inn қонақүйлерінің  бас басқарушысы Трейси Бишоп былай дейді: «Derwen колледжіне барған сапарым маған қанат бітіргендей. Мен ол туралы ұдайы ойлап жүрмін. Бізге колледж өкілі хабарласып, өздеріне келуге шақырды. Біз колледж қызметкерлерінің өз істеріне деген қатынасына таң қалдық. Біз ол жерден көмек беру туралы нақты шешіммен аттандық».

Өткен жазда қонақ үй номерінің көшірмесін жасақтау алғашқы қадам болды, содан кейін 11 студент Premier Inn стандарттарын оқып-үйренді (тағы 14 студент келесі оқу жылында оқитын болады). Бишоп мұны: «Бұл олардың өз бойларында сенімін дамытуға және үйреншікті жағдайда жұмыс істеу жылдамдығын арттыруға өте көмектесті. Колледж өкілдерінің біздің желілерге неғұрлым көбірек студенттерді орналастырғылары келетінін біз білеміз. Олар тереңнен ойлайды» деп түсіндіреді. 

Бұл жерде тек студенттерге арналған жұмыс туралы әңгіме болып отырған жоқ, сөз олардың арасындағы және басқа қызметкерлермен өзара қарым-қатынас туралы болып отыр. Бастапқыда олар өте ұялшақ, бірақ көп ұзамай-ақ команданың бір бөлігіне айналады, қызметкерлердің жиналысына қатысады, туған күндерін атайды. Бұл оларға өз істерінің көшбасшылары болуға көмектеседі».

Бұл бағдарлама – негізі 1927 жылы қаланған Derwen College-нің бірнеше бастамасының біреуі ғана, ол туралы ВВСЗ телеарнасында көрсетілген Life Begins Now («Өмір дәл қазір басталады» - «Жизнь начинается сейчас») атты деректі  фильм түсірілген.   Колледждің Premier Inn-мен бірлескен бағдарламасы мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс істейтін ұйымдарды мойындатты, ол бағдарлама оқыту арқылы кәдімгі адамдар сияқты дағдыларды игертуге болатынын көрсетті.

People First England ұйымының негізін қалаушылардың бірі, білім алуда ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мүддесін көздеуші Калия Франклин мұны тек істің басы деп санайды.Ол  «Оқытуда қиындық тудыратын адамдардың бар болғаны 7%-ның ғана ақылы жұмысы бар. Олардың ақылы жұмыс табуға мүмкіндіктері жоқ, ал үкімет саясатының салдарынан олардың жағдайларының нашарлауы кедергілерді көбейте түсуде және жұмысқа тұруға көмектеспейді» дейді. 

Brunel University (Брунель Университеті) әлеуметтік саясат оқытушысы және пайдаланушылар ұйымы мен Shaping Our Lives желісінің тең төрағасы Питер Бересфорд былай деп түсініктеме береді:   «Егер де біз мінсіз өмірде тіршілік етсек, егер де John Lewis және Waitrose сияқты компаниялар баршаның жұмысқа орналасуы үшін мүмкіндіктер тудырса, бәрі де тамаша болар еді. Бірақ шын өмірде еңбек нарығы үлкен кемсітулер бар екендігімен ерекшеленеді. Derwen College-нің жасап отырғаны – оқытуда қиындықтары бар адамдар үшін айтарлықтай оң өзгерістер».

Автор: Никола Слоусон

The Guardian-да 2015 жылғы 4 тамызда жарияланған.

https://www.theguardian.com/society/2015/aug/04/hotel-training-learning-...

Құқық иеленушінің рұқсатымен жарияланып отыр.