Қазақстандағы колледж мүмкіндіктері шектеулі адамдардың кәсіптік білім алуларына көмектеседі. Қазақ Мемлекеттік құрылыс және сәулет академиясы  жанындағы колледждің жұмысы және оның  мүмкіндіктері шектеулі  екі студенттің өміріне қалай әсер еткені туралы оның директоры Гүлжан Әбутәліпқызы Сейдуллаева әңгімелейді.

Инклюзивтік  білім берудің бүкіл әлемде үлкен мәні бар

Қазақстанда бұл мәселе өзекті болып келе жатыр, өйткені елде білім алуда қосымша қажеттіліктері бар балалардың саны өсе түсуде. Білім беру жүйесі мүмкіндігінше барлық балалардың бала бақшаларда, орта мектептерде, кәсіптік колледждерде және университеттерде білім алуларына мүмкіндік жасаулары керек.  

Инклюзивтік  білім берудің қағидаттары білім беру мекемелері мен мұғалімдер барлық оқушылардың қажеттіліктеріне бейімделуі керектігін көздейді, соның ішінде білім алуда қосымша қажеттіліктері бар балалардың білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз етулері керек.

Инклюзивтік  білім беруді кеңінен енгізудегі кедергілерді еңсерудің бір тәсілі – оны Қазақстан 2008 жылы қол қойған Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға сәйкес дамыту.

Қазақ Мемлекеттік құрылыс және сәулет академиясы  жанындағы колледж – жас мекеме. Ол студенттерді алғаш рет 2014 жылы қабылдады, ал биылғы академиялық жылда (2016-2017 жж.) бірінші түлектер ұшып шығады.

2014 жылдың жазында есту қабілеттері бұзылған екі студент өздерінің қабылданатынына сенімді болған жоқ еді. Саша Полыев пен Ілияс Сейдаханов және олардың ата-аналары бұлардың білім алудағы қосымша қажеттіліктерін ескереді деп ойламаған да. Саша мен Ілияс  бұрын Алматы қаласындағы нашар еститін балаларға арналған мектепте оқыған және жақсы оқыған оқушылар болды. Олар үздік оқушы ғана емес, спортпен шұғылданып, сабақ оқуда жолдастарына көмектесетін, мектеп өміріне белсене қатысатын. Олардың ата-аналары балаларының білім құмарлығын қолдап, бойларына өз күштеріне деген сенімді және әлемнің бір бөлшегі болу құқығын сіңіре алды.    

Ата-аналары мен балалардың өздерінің колледж өкілдерімен болған әңгімелесуінен кейін Саша мен Ілиясті сәулет курсына қабылдау туралы шешім қабылданды.  

«Біз құрылыс және сәулет саласындағы ең үздік және беделді  колледжге түсіп, онда оқи аламыз», - деді студенттердің біреуі.  

Саша мен Ілиястің колледжде оқығанына үш жыл болды және осы уақыттың ішінде олар оқудан тыс бірқатар іс-шараларға қатысып, тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Оларға оқу үрдісі ұнайды, олар жоғары балл алуда және көп жағдайда қосымша тапсырмаларды орындап жүреді.  

Саша мен Ілиястің тәжірибесі егер де  мүмкіндіктері шектеулі адамдардың білім алудағы қосымша қажеттіліктері ескерілсе және оларды қалыпты білім беру мекемелерінде оқуға тартатын болса, қандай нәтижелерге қол жеткізуге болатынын көрсетеді. Бірлескен оқу Саша мен Ілиясқа қоғамға  жеңіл кірігуге көмектесті.    

Алайда көптеген мүмкіндіктері шектеулі жас адамдар үшін білім алу тап осы мысалдағыдай қолжетімді болмай отыр.  

Экономикалық тұрғыдан анағұрлым дамыған елдердің тәжірибесі мектептерде, колледждерде және басқа да оқу орындарында  инклюзивтік  білім беруді енгізу ауқымды жұмысты талап ететінін көрсетіп отыр. Білім беру аспектісінен басқа бұл мәселе әлеуметтік жағдайларды да қамтиды. Мүмкіндіктері шектеулі адамдар қоғамның бір бөлігіне айналуы үшін оларға көмек көрсету керек.  

Тіпті «мүмкіндіктері шектеулі» деген ұғымның өзі даулы мәселе. Осы айқындаманы қолдана отырып, біз, әдейі ме, байқамай ма, әйтеуір қоғамда оларды кеміс деп қарауды қалыптастырамыз. Уақыт өте олар өздері де өздеріне солай қарай бастайды.  

Саша мен Ілиястың мысалы, өз кезегінде, қандай да бір кемшіліктің, қолдау болған кезде артықшылыққа айналатынын көрсетеді.  

Колледж әкімшілігі білім алуда қосымша қажеттіліктері бар балаларды көбірек тарту үшін және олардың болашақта өз жолын табулары үшін қолдан келгеннің бәрін де істеуде.  

Білім беру жүйесі бүкіл әлемде мүмкіндіктері шектеулі адамдарды қабылдауды және олармен қарым-қатынас жасауды өзгертіп, үлгі көрсете алады.

Біз мүмкіндіктері шектеулі балаларды қолдауға тиіспіз, олардың бойларындағы қабілеттері мен таланттарын дамыту  үшін оқу процестеріне белсенді түрде тарта отырып, сондай-ақ  мүмкіндіктері шектеулі студенттердің қалыпты студенттермен өзара қарым-қатынас жасап, бірге оқулары үшін кеңістіктер құрулары керек. 

Саша мен Ілияс  Қазақ Мемлекеттік құрылыс және сәулет академиясы  жанындағы колледжге түсуді армандайтын. Біз олардың армандары орындалғанына қуаныштымыз.  

Егер де сіз мақалаға пікір қалдырғыңыз келсе, бізге VEE@britishcouncil.org мекенжайы бойынша хат жазыңыз да талқылауға қатысыңыз. Егер де өзіңіздің мақалаңызды жібергіңіз келсе, оны қалай істеуге болатыны туралы осы жерден біле аласыз.