Жергілікті және аймақтық сауда палаталары өнімділік пен тиімділікті арттыру үшін жұмыс берушілерді ынтымақтастық құруға шақырады. Кәсіби машықтар үлкен сұранысқа ие. Бұл мақалада Шығыс Мидленд Сауда палатасының өкілі Иэн Бейтс жұмыс берушілер мен оқу орындарының серіктестігінің маңыздылығын баса айтады.  

Шығыс Мидленд сауда палатасы көлемі бойынша Ұлыбританияда екінші болып табылады және оның Дербишир, Ноттингемшир мен Лестерширде 4,200-ден астам кәсіпорны бар. Ол іс-шараларының біраз бөлігін «Білім беру мен еңбек нарығын жақындату» ұранымен жүзеге асырады – бұл экономиканың келешегі белгісіз болып отырғанына қарамастан Шығыс Мидленд кәсіпорындары бұрынғысынша өсіп отыр деген сөз. Тек бұған кәсіби машықтарға деген қажеттіліктің айтарлықтай нақты анықталмауы кедергі болып отыр. 

Компаниялар қажетті мамандарды қабылдау кезінде тап болатын проблемалар зерттелді, және көпшіліктің болжамы бойынша, қазіргі таңда ЕО елдерінен шетелдік кадрларды жұмысқа қабылдайтындар әлде де қиындыққа тап болады. 

Осы мәселені шешуге бағытталған көптеген бастама жүзеге асырылып, нәтижелігі әртүрлі болды. Алайда жұмыс берушілермен арадағы кері байланыс көрсетіп отырғандай, оқу орындарын бітірген жастар еңбек нарығынан өз орнын алу үшін әлде де ауыз толтырып айтатындай дайын емес. Сонымен қатар жұмыс берушілер тым көп бастаманың жүргізіліп жатқанын, мұның уақыт алатынын және бұған қоса тек уақытша сипатта екенін айтады. 

Егер Сауда палатасының 2015 жылдың қыркүйегінен 2017 жылдың маусымына дейінгі Тоқсан сайынғы экономикалық сауалнама деректерін қарастыратын болсақ, компаниялар тап болып отыратын мәселелер бұдан да қиын болып көрінеді. Олар бүкіл Шығыс Мидленд бойынша кәсіпорындар тарапынан  кадрларға үлкен сұраныс бар екенін көрсетеді: әр тоқсанда олардың 52-63%-ы жұмыскерлерді жалдауға әрекет жасайды және әлеуетті жұмыс берушілердің 55-66%-ы қажетті кадрларды іріктеудің қиын екенін айтады. Сауалнама бойынша, әсіресе техникалық және кәсіби кадрларды табу қиын; сондай-ақ көмекші және біліктілігі жоқ қызметкерлерді жалдауда да қиындық бар.

Алдағы екі жылда кеңеюді жоспарлап отырған компаниялардың 86%-ы осы мәселені шешу қажеттілігін атап көрсетті және олардың 67%-ы бұл үшін оларға қосымша қызметкерлер қажет болатынын айтты.  

Егер жұмысқа жалдау проблемасын қазіргі кезде жұмыссыздықтың қысқарып отыруы және еңбек мигранттары үшін шектеу қабылдану мүмкіндігі тұрғысынан қарастыратын болсақ, онда білім беру жүйесі жастарға жұмыс берушілер қажет деп айтып жүрген тиісті білім мен машықтарды беруге тиіс екені айдай анық болады.  

Компаниялармен өзара байланыста оларға жеткізетін ойымыз: олар жастардың біліктілігі жеткіліксіз екенін айтып қана қоймай, білім беру секторымен белсенді түрде ынтымақтастық құруға тиіс. Мұндай ынтымақтастықтың пайдасы, әсіресе білікті кадрлар толассыз дайындалатын жағдайда, тәжірибеде расталады. Компанияларды осы қызметке қатысуға ынталандыруды жалғастыра беру және оны ұзақ мерзімді инвестициялық стратегия ретінде қарастыру керек. 

Сондай-ақ бұл бағыттың үкіметтің жуырда қабылдаған жұмысқа орналастыруды дамыту стратегиясында айқындалғаны, бұған қоса Careers and Enterprise Company қосымша қаржыландыруы – атап айтқанда, оқу орындарына әлеуетті жұмыс берушіні таңдау бойынша және оқу орындарының өз студенттерімен кәсіби-техникалық білім бағыттары туралы міндетті түрде сұхбат жүргізуі туралы талап қойылуы қуантады. 

Шығыс Мидленд сауда палатасы жұмыс берушілер мен білім беру мекемелерінің арасындағы тиімді өзара әрекеттестікті, соның ішінде біздің Оқу орындарының форумы, Жұмысқа орналастыру және кәсіби машықтар жөніндегі саммит, байланыстарды жолға қою және үкіметтегі лоббилендіру сияқты іс-шаралар қатарын қолдауды жалғастыра бермек.  

Сыртқы сілтемелер