Шотландиядағы Modern Apprenticeship тағылымдама бағдарламасы мен Ұлыбританиянын басқа бөліктеріндегі тағылымдама бағдарламаларының арасындағы айырмашылыққа қарамастан барлық жерде табысқа жетудің негізі жұмыс беруші мен оқу орындарының тиімді серіктестігі болып табылады. Мұнда біз Глазго қалалық колледжінің аса ірі паром операторымен ынтымақтастығының мысалын көріп отырмыз, бұл ұзақ мерзімді нәтижені қамтамасыз етуге тиіс.   

Глазго қалалық колледжінің оқу стратегиясында жетекші рөлді Өнеркәсіптік академиялық модель атқарады. Онда білім беруді және жұмыс берушілердің қажеттілігін барынша дәл үйлестіру қажеттілігі көрінеді. Бұл модель Колледждің еңбек нарығында түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін оқу жоспарларын түзетуіне және жұмыс берушілер қажет ететін тиісті білім мен машықтарды беруіне көмектеседі. 

Сауда флотын оқыту жөніндегі кеңес және Теміржол-теңіз тасымалы одағы жүргізген зерттеу (2014) Ұлыбритания флотында жұмыс күшінің қартаю мәселесін анықтады. Caledonian MacBrayne (CalMac) компаниясы осыдан кадрлар мен қызмет көрсетудің болашақ сабақтастығы үшін проблема туындайды деген пікірде, сондықтан ол қажетті кадрлар тапшылығының орнын толтыруға және салаға білікті жұмыс күшінің ағылып келуін қамтамасыз етуге ұмытылып, Колледжбен бірге жұмыс жасай бастады.  

Колледж «бір шаңырақ астында» теңіз және мейрамхана ісі оқытылатын Шотландиядағы бірден-бір оқу орны болып табылады. Бұл CalMac компаниясының тиімді жергілікті оқыту талаптарына толығымен сай келді. Бұл матрос, моторшы және қонақ үй ісі мамандығы бойынша инновациялық Modern Apprenticeship* тағылымдамасын ұсынатын Шотландиядағы жалғыз колледж болғандықтан, аталмыш бағдарламалар Шотландияның теңіз тасымалы секторында біліктілікті арттыруға және жұмыс күшінің ағылып келуіне септесетін осындай алғашқы бағдарламалар болып табылады.  

CalMac компаниясының бөлшек сауда бизнесін дамыту жөніндегі менеджері Дональд Маккиллоп былай дейді: «... Modern Apprenticeships тағылымдамасы – қазір біз жастарға ұсынып отырған оқу мүмкіндіктеріне бағалы қосымша». 

Колледж бен CalMac компаниясының ынтымақтастығы CalMac талап ететін теориялық білім мен тәжірибелік машықтар үйлесімін, сондай-ақ студенттердің одан әрі оқуын және біліктілігін арттыруын қамтамасыз етті. Бұл колледж негізінде және кемелерде оқытуды жатық үйлестіруге, сондай-ақ тағылымгерлерді шетелдік сапар кезінде тікелей жұмыс орнында бағалауға мүмкіндік береді. Тағылымгерлер жұмысқа орналасуға және дамуына қарай одан да жоғары лауазымға ие болып мансабын өсіруге қажетті бірқатар академиялық тәжірибелік машықтар алады.  

CalMac үшін тағылымдама бағдарламасының нәтижесі білікті әрі толық жұмыс күні жұмыс істеуге ынталы кадрлардың ағылып келуі болды, олар CalMac қызмет көрсететін жергілікті қоғамдастықтардан келеді және Шотландияда оқиды. Ұлыбританияның бүкіл жағалауы бойынша круиз кемелерінің, чартерлік флоттың және паромдардың танымалдығы артуда, және бұл тұрғыда бағдарламалар осынау дамып отырған сала үшін жұмыс күшін дайындауда маңызды рөл атқарады. 

* Modern Apprenticeships тағылымдама бағдарламасы тек Шотландияда ғана қолданылады, ол Ұлыбританияның басқа жерлеріндегі Apprenticeships тағылымдама бағдарламасына балама.

Сыртқы сілтемелер